Ақтөбеде ер адам жедел жәрдем ауруханасының автотұрағында қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Қанды оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды 

Фото: ашық дереккөзден

Ақтөбеде белгісіз біреулер Жедел жәрдем ауруханасының автотұрағына өлімші болып таяқ жеген ер адамды тастап кеткен. Қатты соққы алған тұрғын тілге келместен қаза тапқан, деп хабарлайды Астана телеарнасы. 

Оқиға 15 қаңтар күні түнде болған. 40 жастағы азамат көптеген дене жарақатын алған көрінеді. Қанды оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» фактісі бойынша іс қозғалып, тергеу басталды. 

«Ағымдағы жылдың 18 қаңтарында полиция қызметкерлерінің жедел -іздестіру іс-шараларымен аталған аса ауыр қылмыс ашылды. Үш адамнан тұратын күдіктілер анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.