Күдіктілер ұрлаған барлық техниканы металл сынықтарын қабылдау орнына өткізген
Жамбыл облысында наубайхананы тонаған екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Наубайханадан қымбат техниканың ұрланғаны туралы өтінішпен полицияға 40 жастағы кәсіпкер жүгінді.
"Бұл кәсіпорынның 2021 жылдан бері жабық тұрғанын айта келе, осы жылдың 16 наурызында сапардан келген наубайхана иесі құны 15 000 000 теңге тұратын мүліктің жоғалғанын анықтаған.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, бірқатар тиісті сараптамалар тағайындалды", – делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Жамбыл облысының 18 және 21 жастағы тұрғындарын анықтап, ұстады.
Ұсталғандарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, тергеу жүргізілуде.
Күдіктілер ұрлаған барлық техниканы металл сынықтарын қабылдау орнына 60.000 теңгеге өткізген.