Атырауда есірткі сату арнасын жолға қойған қылмыстық топ қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Арнайы құрылған жедел тергеу тобы бес айдан бері қылмыстық топқа әзірлеме жүргізген

Атырау облысында марихуана жеткізумен және облыс аумағында өткізумен айналысқан тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ қызметінің жолы кесілді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Арнайы құрылған жедел тергеу тобы бес айдан бері ұйымдастырушысы мен қатысушыларына қатысты жедел әзірлеме жүргізген.

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, қылмыстық топтың қызметі нақты жолға қойылған.

Топтың ұйымдастырушысы, Қызылорда облысының тұрғыны, «Шымкент – Атырау» бағытындағы мартшрутты автобустар арқылы марихуананы жеткізудің тұрақты арнасын жолға қойған.

Әрі қарай топтың басқа мүшелері оның нұсқауларын орындай отырып, тауарды қарсы алып, белгілі бір жерде сақтаған. Содан кейін мекен-жайларға таратып, есірткіні сатудан түскен ақшаны жинап, картаға аударып отырған.

Қылмыстық жолмен табылған табыс 6 миллион теңгеден астам соманы құрады.

Айта кетейік, топтың қатысушылары – еліміздің Қызылорда, Қарағанды және Атырау облыстарының тумалары.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 262-бабымен «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оған басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» сотқа дейінгі тергеу басталды. Топтың ұйымдастырушылары мен қатысушылары мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.