Шымкентте миллиондаған қаржыға салынған вело-жаяу жолдар қирап жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

4,5 шақырым вело және жаяу жүргіншілер жолағы бос топырақтың үстіне төселген

 

 

Шымкентте бюджеттің миллиондары жұмсалған вело және жаяу жүргіншілер жолы жарты жылға жетпей қирап қалды. Былтыр ғана төселген жабынды қыстан кейін жүруге жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.

Шымкенттің жаңа әуежайына баратын жол бойындағы веложолақта велосипед тебу түгілі, жаяу жүрудің өзі қауіпті. Көп жері көтеріліп, төселген асфальт айырылып жатыр. Жол құрылысы басталған кезде осы маңдағы шағынауданға кәріз жүйесін тартқан құрылыс компаниясы жерді нығыздамай, «жол салуға болады» деген зертхана қорытындысын берген.

Соның салдарынан төрт жарым шақырым вело және жаяулар жолағы бос топырақтың үстіне төселген. Көктемгі жауын-шашында жер езіліп, 700 метр жол жарамсыз күйге түскен. Қирап қалған жол кәріз жүйесін тартқан мекеме есебінен мамыр айына дейін қалпына келтірілуге тиіс.

«Қазір барлық құлап кеткен жерлерін көтеріп жатыр. «Энсаф» компаниясы өз есебінен қайта көтереді, қайта нығыздап салады. Берекенің бұл жерде ешқандай жауапкершілігі жоқ, барлық жауапкершілік «Энсаф» компаниясының мойнында», - деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.