Қостанай облысында үй өртеніп, үш бала қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Өрт болған кезде балалардың ата-анасы жұмыста болған

Қостанай облысы Амангелді ауылында екі пәтерлі тұрғын үйде өрт шығып, үш кішкентай бала қаза тапты, деп хабарлады Azattyq Rýhy.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, үйде 1983 және 1994 жылы туған ерлі-зайыпты төрт баласымен бірген тұрған. Балалардың үлкені 8 жаста болған.

Өрт сөндірушілер келгенше көршілер ата-анасы жұмысқа кетіп, үйде өздері ғана қалған төрт баланы өрт ортасынан шығарған. 

«Сағат 10:55-те Амангелді аудандық орталық ауруханасының қызметкерлері 2016, 2019 және 2020 жылдары туған үш баланың көз жұмғанын тіркеді», - делінген ТЖД хабарламасында.

Өртті сөндіруге Амангелді ауылының 26 өрт сөндіру бөлімінің 4 қызметкері мен бір техникасы жұмылдырылды.

Өрттің шығу себебін анықтау үшін Амангелді ауданына ТЖД мамандары жіберілді.