«Қазақмыстың» кен байыту фабрикасынан өрт шықты
Жезқазғандағы цехта болған оқиғаның себептері анықталып жатыр

«Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған кен байыту фабрикасынан өрт шықты. Оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп алған. Оқиғадан құрбандар мен зардап шеккендер болған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде кен байыту фабрикасындағы өрттің видеосы тарады. Жезқазған қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қазақмыс» корпорациясының өнеркәсіп аймағындағы өрт электр жүйесіндегі кернеудің кенет азайып кетуі салдарынан болған. Тоқ толқынның күрт өзгеруі салдарыннан бірінші бас корпус цехындағы диірменнің бейсинхронды электр қозғалтқышынан түтін шықты.
«Кәсіпорын қызметкерлері түтінді сөндірді. Қазіргі уақытта цехты қайта іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Төтенше жағдай технологиялық процеске әсер еткен жоқ. Оқиғадан зардап шеккендер мен құрбандар болған жоқ. Қазіргі уақытта болған жайттың себептері анықталып жатыр», - деп атап өтті Жезқазған әкімдігі.
Аталған дерекке қатысты «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС де түсініктеме беріп, өрттің сағат 07.20-да басталғанын мәлімдеді.
«Өрт ошағын цех жұмысшылары өрт сөндіргіштер көмегімен жойды. Оқиға салдарынан зардап шеккендер болған жоқ. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда. Жезқазған кен байыту фабрикасындағы цехтың жұмысы әдеттегідей жалғасып жатыр», - деп атап өтті компания.