$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Көзбояушылықпен айналысады»: Жамбыл облысының полицейлері жол көлік оқиғасын тіркемей, күдіктіні жібере салған

Олар тіпті жарақат алған адамдарға жедел жәрдем де шақырмаған

«Көзбояушылықпен айналысады»: Жамбыл облысының полицейлері жол көлік оқиғасын тіркемей, күдіктіні жібере салған

Жамбыл облысында ер адам жалғызбасты ананың автокөлігін тартып алып, онымен жол апатына түскен. Алайда, полицейлер оны ұстаса да ешбір шара көрмеген деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Тіпті, жол көлік оқиғасының болғанын да тіркемепті.

Оқиға биыл ақпан айының соңында болған. Алматы тұрғыны Бақыт Жақаш кішкентай қызымен Түркістанға бара жатқан жолда жол бойында тұрған жолаушыны көлігіне отырғызған. Қордай ауданына жеткенде ер адам жүргізуші әйелге күш көрсетіп, тізгінді тартып алыпты. Көп ұзамай ол қоршауға соқтығысып, апат салдарынан әйел мен қызы дене жарақаттарын алған.

«Ақпанның 28 күні өз автокөлігіммен Алматыдан Түркістан қаласына жолға шықтым. Көлікте менен басқа 7 жастағы қызым Айзере болды. «Алтын Орда» базарының маңында қол көтеріп тұрған жолаушыны алдым. Кейін жол апатына түскенде оның Қызылорда облысының тумасы Ерғалиев Мадияр екенін білдім. Ол азаматты бұрын танып-білген емеспін. Қордай асуына жеткенде қан қысымым көтеріліп, басым айналып, денсаулығым нашарлады. Көлікті жолдың оң жақ шетіне қойып, беті-қолымды жуып, ес жинау үшін қызым екеуміз далаға шықтық. Ол кезде Ерғалиев Мадияр көлікте қалған. Арада 10 минут өткен соң көлікке келсем, рульге әлгі жігіт отырып алған. Ол менің «рульден түс» деген сөзімді керек қылмады. Сан түрлі сылтау айтты, соңында қорқытуға көшті. Ерғалиевтың бұл әрекетінен «қорғансыз әйел иен далада не істей алады?!» деген арам ой екенін ұқтым да, амалсыз салонға отырдым», - дейді оқиғаның қалай болғанын айтқан келіншек.

Алайда, орнынан қозғалған көлік 2-3 км жүрмей жатып апатқа ұшыраған. Жылдамдық алған бетте рульге ие бола алмаған Ерғалиев жолдың ортасын бөліп тұрған темір қоршауларға соғылған. Соққының қатты болғаны машинаның сау тамтығы қалмаған. Ал салондағы жолаушылар жарақат алған. Апат Алматы-Тараз тас жолының 203-ші шақырымында болған.

«Аса қатты жылдамдықпен келген қалпы қарама-қарсы бағытты бөліп тұрған темір тосқауылға соғылды. Есімді жоғалтып жинадым. Салоннан домалап шықтым, жүре алмадым. Мемлекет мүлкіне де зиян келген. Қызым бас сүйегінің сол жақ бөлігі мен сол жақ иығынан жарақат алыпты. Бетімнің сол жақ бөлігі терезеге соғылып, қабағым жарылып, сол жақ көзімнің айналасы гематома алған. Қос аяғым да жарақат алған. Дәл сол сәтте қызым да, өзім де шок күйде болдық. Рульге күшпен отырып алған Ерғалиев тезірек қашып кетуге асықты. Өткен-кеткен көліктерге жармасып, ауылына қашып кетпек болды. Бірақ, бізді көріп тоқтаған көлік жүргізушілеріне мән-жайды айтып, оны алып кетпеуін, осында қалдыруларын сұрадым», - деді жәбірленуші.

Жолай өткен көліктер оқиға орнына полиция шақыртқан. Алайда, күдікті де, полиция қызметкерлері де жедел жәрдем қызметкерлерін шақырмаған. Балалы әйелден тезірек құтылуға асыққан олар эвокуатор шақыртып, жалғызбасты ананы қызымен бірге салып жіберген.

«Қатты қорқып, мең-зең күйде тұрғанымды пайдаланған Ерғалиев бәрін өзі реттеп беретінін айтып, уәделерді үйіп-төгіп жатқан. Әкесі мен ағасы нда араластырды. Олар да арыз жазуыма қарсы болды. 50 мың теңге төлеп, эвакуатор арқылы Алматыға кері салып жіберді. Полиция эвакуаторға көлікті тиегенде Қордайға апарып, көмек көрсетеді екен деп ойлағам. Кейін олардың хаттама да толтырмағанын білдім. Алматыдан бір-ақ шықтым. Ауруханаға он күннен аса қаралып, ем алдым. Ес жинаған соң әлгі полицейлерге хабарлассам, олар бастарын ал қашты. Рульге күштеп отырып алып, апатқа түскен жігіттен түсініктеме де алмапты. Іздемеген де. Қордайлық полицейлер көзбояушылықпен айналысады деп санаймын. Неге олар істің ақ-қарасын анықтамаған, неге оқиғаны тіркемеген, неге медициналық көмекті шақырмаған? Күдіктімен ауыз жаласты деген ой туады. Егер сол жерде өліп кетсек, кінәні сол қалпы бізге жаба салатын еді. Мен өз ісіне салғырт қараған полицейлерді де, иен далада әлімжеттік жасаған жігіттің де жауапкершілікке тартылғанын талап етем», - деді Бақыт Жақаш.

Көліктің расымен де сау-тамтығы қалмаған. Оны қалпына келтіру үшін мамандар 1,3 миллион теңге сұраған. Жарақатынан енді ғана айыққан жәбірленуші Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығы Арманбек Баймурзинге болған жағдайды айтып арызданған. Департамент істі Қордай ауданына жібергенмен, олар өздері жіберген олқылықты жылы жауып қоя салған сыңайлы.

«Мен сізге ешқандай ақпарат бере алмаймын. Жәбірленушінің өкілі болсаңыз, маған сенім хат әкеліңіз. Керек болса Жамбылға (облысқа) келіңіз. Мен сізді танымаймын. Маған телефонмен көп адам анаумын, мынаумын деп хабарласа береді», - деді Жамбыл облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының өкілі.

Былтырмен жылмен салыстырғанда Жамбыл облысының аумағында жол көлік оқиғасы жиілеп, адам өлімі де көбейіп кеткен. Тек соңғы үш айда өңірдегі автожолдарда екі жүзден астам апат тіркелген. Жол апатынан қаза тапқандардың саны 20,8%-ға, жарақат алғандар 27,5%-ға артқан. Алаңдатарлық статистикаға жоғарыдағыдай тағы қанша оқыс оқиғаның тіркелмей қалғаны белгісіз.

Серіктес жаңалықтары