Екібастұзда ішінде 7 айлық сәби болған көлік жолдан ұшып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

23 наурыздан бастап, екі тәулік ішінде боранда жолда қалған 13 адам құтқарылды

Фото: ашық дереккөзден

Екібастұзда 7 айлық сәби болған көлік жолдан ұшып кетті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген онлайн баспасөз жиынында облыстық ТЖД басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов айтты.

"Кеше ауа райының нашарлауына байланысты автожолдардың 19 учаскесі жабылды. Оның ішінде 7 республикалық маңызы бар жол кіреді. Жолдарда төтенше жағдайды жою бойынша облыстық штаб жұмыс істейді. Блокбекеттерде 417 бірлік техника, оның ішінде 282 жеңіл және 135 жүк көлігі тоқтады. Бір тәулікте 13 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды", - деді Қайрат Шаймарденов.

Кеше Екібастұз қаласына қарасты Төрткұдық ауылы жанында үш жолаушысы бар Nissan Maxima автокөлігі сынып қалған. Екі ересек адам және бір бала Шідерті кентінің «Ақжол» қонақ үйінің жылыту пунктіне жеткізілді.

Екінші жағдай да Екібастұз аумағында болды. №9 сорғы станциясы маңында Toyota Highlander көлігі жолаушыларымен бірге жолдан кюветке ұшып кеткен. Ішіндегі 4 ересек және 3 бала құтқарылды. Бір ер адамды Шідерті кентіне жеткізілді. 7 айлық бала медициналық тексеруден кейін анасымен Екібастұз қалалық ауруханасына жатқызылды. Қалған құтқарылғандар Екібастұз қаласының №2 мектебіне орналастырылды.

Сондай-ақ Екібастұз аумағында көлігімен қар құрсауында қалып қойған бір ер адам құтқарылды. Ал, Ақтоғай ауданындағы Қараоба ауылында жоғалып кеткен екі балықшы табылды.

Павлодар облысы ТЖД дағдарыс жағдайындағы басқармасының басшысы Асқарбек Омаров көбінесе жүргізушілер жолдағы қиын жағдайға қарамастан, сапарға шығудан бас тарта қоймайтынын айтады.

"Ауа райы қолайсыз кезде жолға шығудың негізгі себебі - жүргізушілердің немқұрайлы қарауы. Ескертулерге, шектеулерге қарамай жолға шығады. Телефондарына СМС хабарлама келіп тұрса да елемейді. Екіншіден, әртүрлі маңызды себептерге байланысты жолға шығуға тура келеді. Мысалы, адамның көз жұмуы, жұмыс сапары және басқа да себептермен шұғыл жолға шығу керек болады", - деді Асқарбек Омаров.

Айта кетейік, кешеден бері облыс аумағындағы уақытша жылыту пункттерінде 422 адам, оның ішінде 87 бала болды. Жалпы, Павлодар облысының аумағында 199 жылыту пункті бар.