Гүлмира Сатыбалдының 17 наурызда ұсталғаны белгілі болды
Елорданың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Гүлмира Сатыбалдыға қатысты бұлтартпау шарасын қолданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі BaigeNews.kz порталына сілтеме жасап.
Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі екі айға қамауға алынды.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық сотының ресми мәлімдемесінде.
Еске салсақ, 13 наурызда Қайрат Сатыбалдының ұсталғаны туралы белгілі болған еді. Ол қызмет бабын асыра пайдаланды және «Қазақтелеком» АҚ-ның ірі көлемде қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді.
Қайрат Сатыбалдының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы да тексерілуде.
15 наурызда елорданың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының шешімімен Сатыбалды екі айға қамауға алынды.
Оның бұрынғы әйелінің ұсталғаны 17 наурызда белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлының, оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының және басқа да тұлғалардың бизнесті басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп жатқанын хабарлады.