Сот Руслан Қылышевтің 3 кішкентай баласы бар екенін ескеріп, оған 9 жыл жаза тағайындады
Қостанай соты сыныптасын өлтірген экс-полицейге үкім кесті. Оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Майор шенінен айрылған Руслан Қылышев онан бөлек, марқұмның отбасына 5 миллион теңге өтемақы төлейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Атышулы іске қатысты тергеу мен сот процесі бір жылға созылды. Полицейдің қару кезенуіне достар чатындағы жанжал түрткі болған. Руслан Қылышевті сыныптасы балағаттап, намысына тиетін сөздер айтқан көрінеді. Кейін екі дос қаладағы Тәуелсіздік көшесінің бойында кездеседі. Сол жерде экс-полицей досын аңшы мылтығымен атқан.
Оқ иыққы тиген. Күдікті оған өзі алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ажалдан құтқарып қалмақ болыпты. Өкінішке қарай, Ермек Омаров оқиға орнында жан тапсырған.
«Сотталушының қасақана кісі өлтіргені айғақтармен дәлелденді. Сот WhatsApp чатты зерттеу барысында жанжалдың шығуын, қатысушылардың мінез-құлқын анықтады. Сонымен қатар оның кінәсі куәгерлердің, оқиға куәгерлерінің айғақтарымен, сарапшылардың, сараптама құжаттарымен, тергеу істерінің хаттамаларымен дәлелденіп отыр», - деді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Алтынай Сағындықова.
Сот барысында бұрынғы полиция қызметкері кінәсін мойындаған жоқ. Үкімге де наразылық білдірді. Ал оның адвокаты талап-арыз жазатынын, жоғарғы сотқа дейін баратынын жеткізді.
«104-бап. Яғни, абайсызда адам өлтіру бабына ауыстыруды сұрадық. Бұл бап бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - деді адвокат Гүлнәр Күзбаева.
Мемлекеттік айыптаушы Қылышевті 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал жәбірленуші тарап 100 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етті.
Сот Руслан Қылышевтің 3 кішкентай баласы бар екенін ескеріп, оған 9 жыл жаза тағайындады. Сотталушы марқұмның отбасына 5 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.
Еске салайық, экс-полицейдің қолынан қазақ тапқан Ермек Омаров қаладағы емханалардың бірінде тіс дәрігері боп жұмыс істеген.