Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр
Семейде полиция қызметкерінің жалған куәлігімен жүрген азамат ұсталды, деп хабарлайды Semeynews.kz.
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жылдың ақпан айының ортасында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Семей қаласының 21 жастағы тұрғыны ұсталды. Оның сыртқы оң жақ қалтасынан оның атына рәсімделген полиция қызметкерінің куәлігі табылды. Кейін анықталғандай, табылған куәлік жалған куәлік болып шықты.
“Күдікті куәлік мұқабасын сатып алып, кейіннен полиция қызметкері куәлігінің үлгісін алып өз атына жасаған. Құжатта өзін учаскелік инспектор деп көрсеткен. Тіпті фотошоп арқылы өзіне полиция киімін кигізген.
Күдікті жауап алу барысында, таныстарын таңқалдыру үшін жасағанын айтты.
Қаскөйге қатысты келуге міндеттеу бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 385-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – делінген ведомство хабарламасында.
Аталған баптың санкциясы 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.