4 жылдан бері құжатын түзете алмай жүрген әйелді АХАЖ бөлімі де заңды некеге тіркемей қойған
Тараздық келіншек өзінің заты әйел екенін дәлелдей алмай жүр. Оның туу туралы куәлігінде аты-жөні Қалдыбаев Нұрзат Талғатұлы, жынысы "Ер" деп жазылған. 4 жылдан бері құжатын түзетемін деп қақпаған есігі қалмағанын айтып, ашынды. "Қуырдақтың көкөсін түйе сойғанда көресің" дегендей, АХАЖ бөлімі заңды некеге де тіркемей кері қайтарған. Айы-күні жақын отырған келіншек, ертең баласына құжат алу қиынға соға ма деп қорқады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап
Қала тұрғыны құжатта әлдекімнің жауапсыздығынан кеткен қатенің залалын тартып жүр. Нұрзат 2000 жылы дүниеге келген. Ал құжаттағы қатені жасы 18-ге толғанда ғана біліп, аң-таң. Содан бері мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып, өзінің әйел екенін дәделдей алар емес. Туу туралы куәлігін түзетемін деп Халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Ал ондағылар перзентханаға жіберген. Ол мекеме жабылып қалғандықтан мұрағаттан құжаттар іздегенін айтады. Бірақ еш нәтиже болмапты. Керісінше, барған жердегілер өзін мазақ қылған. Ал тұрмысқа шыққанда жағдай тіпті қиындапты.
«Мен қыз баламын, тегімді түзетуге келдім деп едім, «Жоқ, мүмкін сен геніңді ауыстырған шығарсың, былайша айтқанда, трансгендер шығарсың» деп әзіл ұстады. Құдай қаласа, 3 айдан кейін босанамын, құжат қайтадан алдымнан шығатын болса, күйеуім де ер азамат, өзім де ер азамат болып шығамын. Еркектен еркек қалай туатынын білмеймін», - деп күйінеді Тараз қаласының тұрғыны Нұрзат Қалдыбаева.
Тұрмысқа шыққанда жағдай тіпті қиындапты. АХАЖ бөлімі екі ер адамды некеге отырғызбайтынын айтып, шығарып салған. Халыққа қызмет көрсету орталығына бізде сұрау салдық. Құжаттағы қатені қалай жіберіп алғанын сұрадық. Мекеме басшысы мұндай жағдайға бірінші рет тап болып тұрғанын айтып таң қалды.
«Әрпі дұрыс емес жағдайлар болады. Ә-ні А-ға ауыстырып қояды немесе Ұ-ны Ү-ге дегендей. Оның бәрін өзгертіп жөндеп беріп жатырмыз. Ал қызды ер қып өзгерту деген бірінші рет болып тұр. Ең бастысы, бәрі заң шеңберінде шешіледі. Бәрін жасап береміз», - деді Тараз қалалық №1 халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы Шалқар Елемес.
Халыққа қызмет көрсету орталығы құжаттағы қатені жуықарада реттеп беруде уәде етті. Жас отбасы Нұрзаттың құжаттары реттелсе, бірінші кезекте некеге тұруды көздеп отыр.