Әйгерім Қазезова былтыр 5-ші баласын дүниеге әкеліп, біренеше аптадан кейін облыстық көпбейінді ауруханада коронавирустан көз жұмған
Azattyq Rýhy Солтүстік Қазақстанда жас ана өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз. Бүгін келеңсіз жағдайға қатысы бар тағы бір медицина қызметкері –облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері қазметінен босатылды.
Тайынша ауданының 35 жастағы тұрғыны Әйгерім Қазезова былтыр 5-ші баласын дүниеге әкеліп, біренеше аптадан кейін облыстық көпбейінді ауруханада коронавирустан көз жұмған. Алайда дәрігерлер оның өлімін тіркемей, құжат бойынша мәйітті тірі адам ретінде Тайынша аудандық ауруханасына жіберген. Қағаз жүзінде ол бір ай емделіп, дәрі-дәрмегіне қыруар қаржы жұмсалған. Дәгірерлер мәйітті ешқандай құжатсыз марқұмның туған-туыстарына берген. Адамның дүниеден өткендігі туралы анықтама бір айдан кейін ғана жасалған. Осылайша дәрігерлер ана өлімін жасырып қалмақ болған. Дүниеге аман-есен келген сәбиді әкесі жалғыз өсіріп отыр
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жүргізген тексерістен кейін Тайынша аудандық ауруханасының дәрігері Анатолий Рафальский қызметінен босатылған еді. Бүгін тағы бір ақхалатты қызметімен қош айтысты.
«Науқас Әйгерім Қазезованың өліміне қатысты облыста тәуелсіз комиссия жұмыс істеді. Жан-жақты тексеру жүргізіліп, оның барысында барлық фактілер расталды. Осыған байланысты нақты шешімдер қабылданды. Қызметінен босатылғандар: Юрий Белоног - көпсалалы облыстық аурухананың бас директоры; Анатолий Рафальский - Тайынша аудандық ауруханасының директоры», - деп жазды СҚО әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Өткен жылы Солтүстік Қазақстанда 3 бірдей жас ана көз жұмды. Өңір Атырау және Қостанай облыстарын алға салып, ана өлімі бойынша жағымсыз статистиканың 3-ші сатысында тұр.
Эльмира Мәмбетқызы