Петропавлдағы мәдениет үйінің төбесі опырылып түсті

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Ғимараттың апаттық жағдайда тұрғанын өткен жылдың қазан айында жазған болатынбыз

Петропавл қалалық мәдениет үйіндегі концерт залының төбесі опырылып түсті. Жапа шеккендер жоқ. Бүлінген аудан шамамен 500 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың апаттық жағдайда тұрғанын өткен жылдың қазан айында жазған болатынбыз. Сол кезде қалалық әкімдік өкілдері жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, қаржы бөлінгеннен кейін нысан жөнделетінін айтқан еді. Алайда ешқандай жұмыс атқарылмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мәдениет үйінің ғимараты 90 жыл бұрын салынған. Нысан мәдениет және тарих ескерткіші деп танылған. Онда 2012 жылы күрделі жөндеу жасалды. Бірақ концерт залының төбесі ауыстырылмаған. 

«Былтыр 14 маусымда біз мәдениет ошағының бес бірдей тіреуі майысқанын анықтадық. Қазіргі таңда балалардың үйірмелері мемлекеттік мекемелер арқылы жалға алынған нысандарда өтіп жатыр. Кеше сағат 20:10-де концерт залының шатыры құлап кетті. Іште ешкім болмаған, жапа шеккендер жоқ. 500 шаршы метр аумақ бүлінді. Жобалық сметалық құжаттар сараптамадан өтті. Қазір Петропавл қалалық әкімдігі Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы мәслихаттың кезекті сессиясына күрделі жөндеу жүргізу үшін қаражат бөлу туралы өтініш берді. Кейін конкурс жарияланады. Бәрі дұрыс болса, наурыз айында жұмыстар басталуы мүмкін», - деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Мәдениет үйінде шығармашылық ұжымдармен қатар мектеп жасындағы балаларға арналған 25 үйірме жұмыс істеп келген. Қазір 500-ден астам бала қаладағы басқа орталықтарға барып жүр. Ал ұжым қызметкерлері 4 айдан бері жалдамалы ғиаратта жұмыс істеп отыр. Бұл мақсатқа ай сайын 600 мың теңге жұмсалады.

Эльмира Мәмбетқызы