Ақтөбе облысында жүк көлігі аттылы адамды қағып өлтірді

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

 
Фото: pkzsk.info

Ақтөбе облысында жүк көлігі жолды кесіп өтіп бара жатқан атқа мінген адамды қағып өлтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 17 ақпан күні сағат 18:30-да Шымкент жолының Қарабұтақ ауылының маңында болған.

Белгілі болғандай, 41 жастағы DAF жүргізушісі Ырғыз ауылы бағытынан келе жатып, жолды атпен кесіп өтіп бара жатқан адамды қағып кеткен.

«28 жастағы жігіттің тасжолға жақын маңда мал баққаны анықталды. Жол-көлік апаты салдарынан малшы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, жылқы тірі», - деп хабарлады полиция.

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.