Түркістан облысында 20 күн бұрын жоғалып кеткен әйел астанадан табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол күйеуімен ұрыс салдарынан осындай қадамға барғанын айтты

Түркістан облысы Кентау қаласының 42 жастағы тұрғыны 20 қаңтарда үйінен кетіп қайта оралмаған. 7 ақпанда полицияға оның күйеуі арызданып келіп, әйелінің жиырма күннен бері хабар-ошарсыз екенін айтқан.

Жедел іздестіру шараларын ұйымдастырған облыстың полицейлері Арайлым Қасымханқызын Нұр-Сұлтан қаласынан іздеп тапты.

«Жоғалған әйелді іздестіріп жатқан полицейлердің жұмысы БАҚ-та бірден тарады. Нәтижесінде із-түссіз кеткен әйел табылды. Ол Нұр-Сұлтан қаласында, дін-аман. Полицейлер әйелмен байланысқа шығып, күйеуінің жоғалу жайты бойынша арызданғанын жеткізді. Оған заң аясында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Табылған әйел ешкімге қояр арыз-шағымы жоқ екенін, Нұр-Сұлтанда аман есен өз еркімен тұрып жатқанын жеткізді», - делінген Полиция департаменті таратқан хабарламада.

Белгілі болғандай, әйел күйеуімен арасында болған отбасылық келіспеушіліктің салдарынан жақындарына айтпай кетіп қалған.