Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды
Түркістан облысында браконьерлерден 600 кг балық тәркіленді, деп хабарлайды Қазақстан ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсы.
"Шардара АПБ кезекші бөліміне жергілікті полиция қызметінің инспекторлары Бекмұхамбет Теңгебаев пен Құрманғазы Әбдіхалықовтан Шардара су қоймасында балық аулап жүрген браконьерлерді ұстау туралы хабарлама келіп түсті. Жедел-тергеу тобының қызметкерлері анықтағандай, Шардара қаласының үш тұрғыны балық аулау торларының көмегімен заңсыз балық аулаған. Заттай дәлел ретінде полиция браконьерлерден 600 кг-ға жуық балықты, оның ішінде тұқы мен 3 кг жылан балық, сондай-ақ ескектері бар қайық пен балық аулау құралдарын тәркіледі. Күдіктілер барлық мән - жайларды анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізілді", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 335-бабының 3-бөлігі (балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.