$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.02.2022, 12:37
Оқиғалар

Астанада ірі есірткі зертханасы жойылды

Былтыр ішкі істер органдары барлығы 17 есірткі зертханасын жойды

Астанада ірі есірткі зертханасы жойылды
Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері елорданың және Қарағанды облысының есірткі полицейлерімен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында «Family Village» коттедж қалашығындағы үйлердің бірінде синтетикалық есірткінің өндірісін жолға қойып, қала аумағында олардың көтерме саудасымен айналысқан екі жас қызды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, ұсталған қыздардың бірімен жалға алынған үйді тінту барысында 1218 таблетка «Экстази» синтетикалық есірткісі, 2 кг «Альфа-PVP» синтетикалық есірткісі, сондай-ақ, есірткі өндірісінде қолданылатын заттар – 140 литрден астам прекурсорлар және үй жағдайында есірткі дайындауға арналған түрлі зертханалық жабдықтар табылып тәркіленді.

Тәркіленген есірткі құралдарына сот-химиялық сараптамалар жүргізілді. Осылайша, полицейлер синтетикалық есірткі өндіретін кезекті есірткі зертханасын жойды.

Айта кетейік, ұсталғандар бір жылдан астам уақыт бойы синтетикалық есірткінің ірі партияларын дайындап, «жасыру» жолымен Telegram мессенджері арқылы сатумен айналысқан.

Ұсталғандар таяуда ғана  жалпы салмағы 1,2 кг мефедронды қала сыртында екі ірі жерде жасырғаны белгілі болды. Олар қосымша тергеу әрекеттері барысында тәркіленіп алынды. Алынған синтетикалық есірткілердің жалпы салмағы 3 кг 840 гр құрады.

Ұсталғандардың бірі Ресей Федерациясының тумасы. Қазіргі уақытта айыпталушылардың қылмыстық әрекеттерін құжаттау, сондай-ақ, басқа да қатысы бар адамдарды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы еліміздің бірнеше облысында Ресейден прекурсорлар мен зертханалық жабдықтарды жеткізумен, сондай-ақ, синтетикалық есірткілерді өткізумен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан топтың қатысушыларын ұстау бойынша ірі шаралар жүргізілген.

Өткен жылы ішкі істер органдары барлығы 17 есірткі зертханасын жойды.

Серіктес жаңалықтары