Ол жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланып, қылмыстық мақсатқа пайдаланылған болуы да мүмкін
Алматы қаласында «Көктөбе» телемұнарасы маңынан аңшылық қару табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында «Көктөбе» телемұнарасынан төменірек бұталардың арасынан арнайы үйретілген ит екі тегіс ұңғылы мылтықты тапты.
«Төңіректі кинолог-инспектор қызметтік-іздестіру итімен тексерді. Олар бұталардан екі мылтық тапты. Табылған затты тергеу-жедел тобы тәркілеп, қарудың шығу тегі мен иесін анықтау мақсатында сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланып, қылмыстық мақсатқа пайдаланылған болуы да мүмкін», – дейді Медеу аудандық Полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.
Сонымен қатар, полиция заңсыз қару сақтаған азаматтарға оларды өз еркімен тапсыруға мүмкіндік берілетінін еске салды.
Сондай-ақ, қару мен оқ-дәрілерді тапсырған адамдар, егер олардың қылмыс жасауға қатыстылығы анықталмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.