Алматы облысында жоғалып кеткен жасөспірімдер аман-есен табылды – әкімдік

Автор: Azattyq Rýhy

Балалар өз ауылдарынан табылған

Фото: Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінен

Алматы облысында 14 және 16 жастағы жасөспірімдер екі күн бұрын жоғалып кеткен еді. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2004 жылы туған Лунина Елизавета мен 2006 жылғы Лунин Виталий 12 қаңтар күні үйден шығып кетіп, қайта оралмаған. Қос жеткіншек те Қаратал ауданына қарасты Ортатөбе ауылының тұрғындары. Екі тәулік хабарсыз кеткен жасөспірімдерді іздеуге полицейлерден бөлек еріктілерде кіріскен еді.

«Елизавета үстіне тон, қара шалбар, қара етік киген. Ал Виталийдің үстінде - қара күртеше, басында - жасыл малақай, аяғында - қара кроссовки болған. «Егер кімде-кім із-түзсіз жоғалған адамдар жайлы қандай да бір ақпарат білетін болса, 8 (72834) 2-10-02 және 8 (705)195-87-97 телефондарына немесе 102 нөміріне, Қаратал аудандық полиция бөлімшесіне хабарласуын сұраймыз», - делінген облыстық ПД мәліметінде.

Алматы облысының әкімдігі жоғалып кеткен қос баланың бүгін түстен кейін аман-есен табылғанын хабарлады. Облыстық баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, екі балада әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан шыққан, мемлекеттен ай сайын жәрдемақы алады. 

«Балалар жаңа ғана аман-есен табылды. Олар мемлекеттен көмек алып отырған отбасыларда тәрбиеленуде. Олардың жоғалғаны туралы хабар түскенде облыс әкімі полицейлердің санын арттыру туралы тапсырма берген еді. Полицейлерден бөлек отыздан атсам ерікті оларды іздеуге шықты. Қазіргі сәтте  олардың үйлерінен не үшін кетіп  қалғаны туралы түсініктеме алынып жатыр. Жасөспірімдер өз ауылдарынан табылған», - деді  Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жукел.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы