Ақтауда суға батып кеткен балықшының денесі іздестіріліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғылы оқиға 29 қаңтар күні сағат 16.00 шамасында болған

Фото: lada.kz

Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен еріктілер Ақтау іргесіндегі қараусыз қалған демалыс орындарының бірінде суға батып кеткен ер адамның денесін іздеуді жалғастыруда. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға туралы хабарлама олардың кезекші бөліміне 29 қаңтар күні сағат 16.00 шамасында түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Lada.kz басылымының жазуынша, суға батқан балықшының серіктесі иесіз қалған «Алау» базасының маңында болған қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Белгілі болғандай, екі ер адам сенбі күні дауыл жұлып кеткен торларды іздеуге шыққан.

«Бастапқыда су белуардан келіп тұрды, артынша тереңдігі күрт артып, серігімнің мойын тұсына жетіп қалғанын байқадым. Ол «Құтқар!» деп айқайлап үлгерді. Мен шешіне салып, оны құтқаруға ұмтылдым. Расымен де, судың түбін сезе алмадым. Оны күшім жеткенше тартып шығаруға тырыстым. Бірақ өзім су жұта бастадым. Қанша тартқаныммен, әлсіреп бара жатқанымды сездім. Артынша оның қолы алақанымнан сусып шығып кетті де, бірден су түбіне батып кетті.  Мен жағаға әрең жүзіп шыға салып, оның ұлына хабар бердім», - дейді марқұмның серіктесі.

Осыдан кейін оқиға орнына жақын маңдағы Ақшұқыр ауылынан таныстары келген. Олар өздерімен бірге қайық пен тор ала келген екен.

«Алты сағатқа жуық уақыт бойы тормен сүзіп көрдік, бірақ еш нәтиже шықпады», - дейді жергілікті тұрғындар.

Тұрғындар төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерін салғырттығы үшін кінәлап отыр. Олардың айтуынша, құтқару бекеті қайғылы оқиға болған жерге жақын орналасқанына қарамастан, оның қызметкерлерін бір сағаттан астам күтуге тура келген.

«Олар жағада бір сағат жүрді, 20 минут қайықты түсірді. Сағат 18:00-ден кейін олар қайықты суға түсіріп, іздеуге кірісті. Дүрбі мен радиоқабылдағыш бар ма деп сұрағанда, олар жоқ екенін айтты. Тікұшақтары да жоқ. Теңізде екі құтқарушы жұмыс істейді: бірі сүңгуір, екіншісі қайықта отырады. Әлі күнге дейін екінші бригада келген жоқ. Мен әкемнің денесін тауып берсе деймін», - дейді суға батқан адамның баласы.

Қазіргі уақытта мәйітті іздеу жұмыстары жалғасуда. Оқиға орнында құтқарушылар, полицейлер мен жедел жәрдем қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.