Шымкенттегі тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен өзбекстандық азамат ұсталды
Ұсталған азамат Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне берілді
Мемлекеттік шекараны қорғау күшейтілген тәртіпте ұйымдастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Терроризмге қарсы операция режимінде Шекара қызметінің әскери қызметшілері басқа да күштік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, рейдтік іс-шаралар өткізіп, стратегиялық және басқа да әкімшілік нысандарды күзетуде.
«Қызмет барысында жаппай тәртіпсіздіктер мен тонауға қатыстылығын айқындайтын белгілері бар және заң алдындағы жауапкершіліктен, оның ішінде Қазақстаннан тыс жерлерге шығу арқылы жасырынбақ ниеттегі адамдар ұсталуда», - делінген хабарламада.
Атап айтқанда,«Жібек жолы» өткізу пунктінде (Түркістан облысы) Өзбекстан Республикасына өтуге әрекеттенген 1993 жылы туған Е. есімді азамат ұсталды.
«Ұсталған азаматтың ұялы телефонынан Шымкент қаласындағы тәртіпсіздіктер орнында түсірілген видеоматериалдар табылды және арқасына тиген оқ жарақаты бар болып шықты (мүмкін резеңке оқтың ізі)», - делінген ҰҚК хабарламасында.
Ұсталған азамат Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне берілді.