Оқиға 9 қаңтар күні сағат 18.20 шамасында болған
Ақтөбеде көшеде кетіп бара жатқан әйелді ұстап, зорлық жасаған 34 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Ұлттық гвардиясының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 9 қаңтар күні сағат 18.20 шамасында болған.
Аға сержант Манарбек Терікбаев пен қатардағы патруль Ерасыл Әбілғалиев дәл осы уақытта әскери күзеттің патрульдік-кезекшілік қызметін атқарып жүрген екен. Күзет қызметкерлері орталық басқарма арқылы Т.Ахтанов көшесіндегі қоймалар жанында белгісіз ер адамның әлдебір әйелге зорлық көрсетіп жатқаны туралы хабар алады.
«Көрсетілген мекенжайға дереу жеткен гвардия қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірге мас күйдегі жергілікті тұрғынды ұстайды. Жәбір көрген әйелге дереу жедел жәрдем бригадасы шақыртылды», – делінген ҚР Ұлттық гвардия баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жәбірленуші әйел ер адамның өзіне күтпеген жерден тап беріп, зорлықпен жыныстық қатынасқа мәжбүрлегенін айтқан.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін күдікті Ақтөбе қалалық полиция бөлімшесіне жеткізілген.