Соттың шешімі әлеуметтік желілерде қызу пікірталас туғызды
Алматыда мас күйінде адам қағып өлтірген 27 жастағы көлік жүргізушісі үш жылға шартты түрде сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Істі қараған Бостандық аудандық сотының судьясы оған үш жыл бойы көлік жүргізуге тыйым салды. Сот қыздың кінәсін толық мойындап, мұндай қылмысты алғаш рет жасап отырғанын, шығынды толық өтегенін және шешесінің жалғыз екенін ескерген.
Естеріңізге сала кетейік, бұл оқиға 2019 жылдың 17 қарашасында қаладағы ірі ойын-сауық орталығының маңында болған еді. Соттың шешімі әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Өйткені өткен жылы күзде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйінде рульге отырғандардың жазасын күшейтіп, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыру туралы тапсырма берген еді. Бірақ жазаны күшейтуге арналған өзгерістер 11 қаңтардан, яғни бүгін түнгі сағат 12-ден бастап күшіне енеді дейді белгілі адвокат Жохар Өтебеков.
«Енді мас жүргізуші бір адамды соғып өлтіретін болса бұл орташа дәрежедегі қылмыс ретінде саналып, айыпты 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Екі немесе одан да көп адамның өміріне балта шапса онда жеті жылдан он жылға дейін сотталады. Бірақ бұл өзгерістер 11 қаңтардан бастап болған жол апаттарына қатысты қолданылады», - дейді ол.