Қайта құқық бұзушылық жасағандардың 34 дерегі тіркелді
Қызылорда облысында жыл басынан бері көлікті мас күйінде басқарудың 532 дерегі анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп келеді.
Осындай рейдтерге күн-түн демей шыққан патрульдік полиция қызметкерлері жыл басынан бері автокөлікті мас күйінде басқарудың 532 дерегін анықтаса, қайта құқық бұзушылық жасағандардың 34 дерегі тіркелді.
29 желтоқсан күні түнгі 01:48 шамасында Шұғыла мөлтек ауданында жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Toyota Highlander автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында 42 жастағы қала тұрғынының құжаты жоқ екені анықталды. Жүргізуші 2021 жылдың шілде айында соттың шешімімен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен көлік құралын жүргізу құқығынан жеті жылға айырылғандығы белгілі болды.
Сараптама қорытындысынан азамат «орта дәрежедегі» мас күйінде болғаны анықталды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Автокөлік қазіргі уақытта айыппұл алаңында.