«Бір баланы топ бала жабылып ұрған»: Алматыдағы балабақшаның меңгерушісі мен топ тәрбиешісі жұмысынан қуылды

Автор: Azattyq Rýhy

Зардап шеккен балаға психологиялық қолдау көрсетілді

Фото ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде балабақшадағы баланың қатарластарынан таяқ жеген видеосы жарияланды. Оқыс оқиға 24 желтоқсан күні Әуезов ауданының №58 балабақшасында орын алған. Аталмыш оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізіліп, топ тәрбиешісі мен балабақша меңгерушісі қызметінен қуылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Видеода көрініп тұрғандай, бір топ бала бір баланы итеріп, ұрып жүр. Видео авторлары бұлайша балаларды "арандату" тәрбиеші тарапынан жол берілген деп топшылайды.

Алматы қалалық білім басқармасының хабарлауынша, топ тәрбиешісі мен балабақша меңгерушісі қызметінен босатылған. Ал Әуезов ауданының мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы мен білім бөлімінің басшысына қатысты қол астындағыларды бақылауды әлсіретіп алғаны үшін тәртіптік жазалар қолданылды.

 Зардап шеккен 2017 жылғы балаға ата-анасының келісімімен психологиялық қолдау көрсетілді. Баланың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде.

Осы оқиғадан кейін барлық мектепке дейінгі ұйымдарда профилактикалық шаралар күшейтілгені де айтылды.