Алматы облысында жолаушылар автобусы мен жеңіл көлік соғысып, 3 адам қайтыс болды
Апатқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Алматы облысында жолаушылар автобусы мен жеңіл көлік соғысып, жол апатынан үш адам ажал құшты. Ауруханаға түскен төрт жолаушының екеуі ауыр халде жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
«Жасанды желдету аппаратына қосылған. Екі науқасқа да шұғыл түрде күрделі операциялар жасалынып, қазір екі науқастың жағдайы өте ауыр. Жеңіл көлік жүргізушісі 25 жастағы Алматы облысының тұрғыны. Жігіт те бірнеше жерінен жарақат алып, бөлімшеде балтыр сүйектерінің сынуына байланысты ота жасалынып, қазір хирургия бөлімінде емделіп жатыр», - деді Алматы облысы Жамбыл ауданы орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Тимур Құрбанбаев.
Апат Алматы - Бішкек тас жолында түнгі сағат ондар шамасында болыпты. Mercedes Benz жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен. Алдынан іші жолаушыға лық толы автобус шығады. Соққының қатты болғаны соншалық, Mercedes-Benz қоғамдық көліктің астында жаншылып жатыр.
Құтқарушылар шашылған темірдің арасынан қысылып қалған бойжеткенді әзер шығарып алыпты. Қаза тапқандардың ішінде жеңіл көлік жүргізушісінің келіншегі де бар.
«Жеңіл автокөліктегі 6 адамның үшеуі оқиға орнында қайтыс болса, үш адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Автобус жолаушылары жол көлік оқиғасы кезінде зардап шекпегенін атап өтеміз. ҚР ҚК 345-бабы, 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметкері Әбілтай Әбенов.