Ерлігі үшін облыс әкімі жігітке «Тәуелсіздік ұланы» медалі мен 145 850 теңге сыйақы табыс етті
Осыдан үш жыл бұрын Абай атындағы №10 дарынды балаларға арналған гимназия оқушысы Ержан Оспанов қылмысты ашуға көмектескен болатын, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Қазірде Л. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің екінші курс студенті сол күні кішкентай қызды аман алып қалып, қылмыскерді қолға түсіруге жәрдем көрсеткен.
«Күнделікті өмірдегідей жай ғана мектепке бара жатқан едім, кенет «көмектесіңдер» деген айқай естідім. Қарасам, бір еркек кішкентай қызды қолына ұстап әкетіп бара жатыр екен. Мен жасырынып барып секірдім де, алдын бөгеп тастадым. Қыз қолынан түсіп кетті де, жүгіре жөнелді. Қызды өткізіп, өзім айқайға бастым. Ол шошыған болса керек – қашып кетті», - дейді студент.
Дегенмен, маньяк алысқа ұзап кете алмады. Жас жігіт полицейлерге білгенін айтқаннан соң, тәртіп сақшылары оны дереу қолға түсірді.
Осы ерлігі үшін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Ержан Оспановқа «Тәуелсіздік ұланы» медалі мен 145 850 теңге сыйақы табыс етті.
Айта кетейік, бүгін М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында үздік педагогтар мен дарынды оқушыларды марапаттау рәсімі өтті.
Оның барысында «Павлодар облысының білім жүйесін дамытуға үлес қосқаны үшін» төсбелгісімен 2,9 миллион теңге мөлшеріндегі сыйақыны облысымыздың 10 педагогына табыс етілді.
Сондай-ақ осы күні 145 850 теңге сомасындағы премия мен «Тәуелсіздік ұланы» медалі 300 балаға берілді.