Түркістандық оқушы қыздардың төбелесі жұртты шошытты

Автор: Azattyq Rýhy

Әлеуметтік желіде жария болған бейнежазбада мектеп жасындағы екі қыздың төбелесі бейнеленген

 

Әлеуметтік желіде сыныптасын аяусыз сабаған оқушы қыздың видеосы елдің ашу-ызасын тудырды. Бұл оқиғаны желіге шымкенттік блогер жүктеген,деп жазады Экспресс К.

Әлеуметтік желіде жария болған бейнежазбада мектеп жасындағы екі қыздың төбелесі бейнеленген.

«Ерлан Тұрғымбаев мырза, жергілікті полиция инспекторлары мектептерді аралап «жастар арасындағы қылмысты болдырмау бағытында» түсіндірме жұмыстарын өткізу керек деп ойлаймын. Жасөспірімдер арасындағы бұзақылықты алдын алмасақ, түрмелер толады», - деп жазды блогер.

Жазба авторының айтуынша, оқиға Түркістан облысында болған.

«Түркістан облысы Кентау қаласы №1 мектептің 8-сынып оқушысы Рахымжанқызы Сабинаны бірнеше қыз болып аса қатыгездікпен сабаған. Барлығын видеоға түсіріп тұрған. Оқиға болған орын - Кентау қаласы №22 мектептің территориясы. Қазіргі уақытта таяқ жеген 14 жасар оқушы қыз Кентау қалалық ауруханасының травматология бөлімінде жатыр», - деп жазған хат авторы блогердің мессенджеріне.

Қыздың анасының айтуынша, дәрігерлер тиісті медициналық сараптамаларды бермей отырған көрінеді. Учаскелік полиция шағым алғанымен, одан ары іс қозғалмаған. Істі жылы жапқылары келеді дейді. Мектеп басшылығы тарапы да әзірге үнсіз. Анасының айтуынша, Сабина мектепке барудан бас тартқан. Жақындары қыздың психикалық жағдайы алаңдатып отырғанын айтады.