Оқиға 17 желтоқсанда Алматы – Екатеринбург тасжолының 1066 шақырымында болған
Ақмола облысында үш жеңіл көлік соқтығысып, соның салдарынан әйел адамды көлік ішінен құтқарушылардың көмегімен шығарып алуға тура келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жол-көлік оқиғасы 17 желтоқсан күні Алматы – Екатеринбург тасжолының 1066 шақырымында болған.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, автокөліктердің бірінде әйел адам қысылып қалып, өздігінен шыға алмағандықтан, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу қажет болған.
«Апат орнына Астрахан ауданының 19 қызметкері және ТЖБ өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары шұғыл жіберілді. Құтқарушылардың жедел әрекеті нәтижесінде әйел автокөліктен аман-есен шығарылып, медициналық көмек көрсету үшін аудандық ауруханаға жіберілді», - делінгени хабарламада.
Төтеншеліктер автокөлік құралдарының иелеріне жолда мұқият болып, жылдамдық режимін сақтау керек екенін ескертеді.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында 12 адам отырған вахталық автобустың КамАЗ-бен соқтығысуы салдарынан екі адамның қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.