Желідегі айлакерлер адамдарды алдаудың ондаған түрін ойлап тапқан
Жыл басынан СҚО-ның 657 тұрғыны интернет-алаяқтарға алданып қалған, деп хабарлайды Polisia.kz.
11 айда интернет-алаяқтардың әрекеттеріне 657 солтүстікқазақстандық сеніп, алданды. Қылмыстардың басым бөлігі интернет арқылы тауар сатып алу кезінде алдын ала төлему сұратумен байланысты болған. Мұндай 270 факт тіркелді.
Алаяқтарға тек сатып алушылар ғана емес, сатушылар да кезігуі мүмкін. 61 солтүстікқазақстандық тауар сату кезінде алаяқтардың «тауарды жеткізу» туралы ұсыныстарына келіскен. Қылмыскерлер құрбандарына сілтеме жіберген. Сілтемені ашқан тұрғындар өзінің жеке мәліметтерін енгізуі тиіс болыпты. Бұл мәліметтер қолға түскен соң, алаяқтар жәбірленушілердің ақшаларын шешіп алған не болмаса олардың атына несиелер ресімдеген.
«Желідегі алаяқтар карталардағы, депозиттердегі ақшаны шешу үшін ғана емес, адамдардың атына ірі көлемдегі несиелер ресімдеу үшін олардың құпия мәліметтерін тартып алуға тырысады. Көбіне «банктен соғылатын қоңыраулар» әдісінен соң дәл осындай жағдай орын алады. Мұндай 174 факті тіркелді. Бұдан бөлек, жәбірленушілердің өздері алаяқтардың қулығына сеніп, миллиондаған несиелер алады, алған ақшаны қылмыскерлердің шоттарына жібереді», – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Желідегі айлакерлер адамдарды алдаудың ондаған түрін ойлап тапқан. Интернет кеңістігіндегі есте сақтайтын ең басты қағидалар: жеке мәліметтеріңізді ешкімге айтпаңыз, күдікті сілтемелерге кірмеңіз, бөгде қосымшаларды телефоныңызға орнатпаңыз, алдын ала төлем жасауға келіспеңіз.
Шоттарыңыздағы қаражаттың орнында және толық екеніне көз жеткізу үшін банк филиалына жүгінген абзал.