Өңірлік Полиция департаменті аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады
Шығыс Қазақстанда бұралқы иттер жеті жасар қыз баланы талап өлтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға туралы жергілікті ustkamenogorsk.16 Instagram-паблигі жариялады.
«Бүгін кішкентай 7 жасар баланы қаңғыбас иттер жарып тастады! Қауіпті аймақта (қалалық қоқыс үйіндісінің жанында) тұратын біз жабайы иттер шабуылына жиі ұшыраймыз! Енді бұл бала өліміне кім жауап береді? Неге қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмейді? Енді балаларымызды мектепке қалай жібереміз? Біз тұратын аймақта тіпті, жарық та жоқ », - деп жазады пост авторы.
Өз кезегінде ШҚО Полиция департаменті аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды», - деп түсіндірді полиция.