Павлодарда құтқарушылар өрт болған үйден екі газ баллонын алып шықты

Azattyq Rýhy

Жедел іс-әрекет арқасында газ баллондарының жарылуына жол берілген жоқ

Оқиға орнына дереу № 3 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары жіберілді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Өрт туралы хабарлама «101» пультіне 12 желтоқсанда сағат 13.35-те Зеленстрой кентінде Достық  көшесі, 20 мекенжайы бойынша түскен. Өрт сөндіру бөлімі өрт болған жерден бес шақырым жерде орналасқан.

«Құтқарушылар мекенжай бойынша келген кезде бір қабатты жеке кірпіш тұрғын үйдің төбесі 60 шаршы метрде жанып жатқанын анықтады. Салдарынан үйдің ішін қатты түтін басқан. Барлау барысында №3 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Бауыржан Оспанов, аға өрт сөндіруші азаматтық қорғау сержанты Амантай Мұхаметжанов және өрт сөндіруші азаматтық қорғау кіші сержанты Әсет Әубәкіров үйдің ішінен ас бөлмесінде сыйымдылығы 50 литрлік екі газ баллонын анықтап, таза ауаға шығарды. Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді, батыл іс-әрекеттерінің арқасында газ баллондарының жарылуына жол берілген жоқ», - дейді департаментте.

Тілсіз жау толығымен сағат 14.29-да жойылды. Өрттің шығуына жылыту пешін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамау себеп болған. Үйдің иесіне қатысты 410-баптың 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Өрт орнында Павлодар облысы ТЖД жеке құрамынан 20 адам және 5 техника, өрт сынақ зертханасы, «Павлодар-Водоканал» ЖШС жұмылдырылды.

Павлодар облысы ТЖД жылыту маусымы кезеңінде барлық азаматтан өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды сұрайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.