Жол таңдамайтын көлік көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен
Оралда жол таңдамайтын автокөлік екі жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Қазіргі уақытта жасөспірімдер ауыр халде ауруханада жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оиға куәгерлерінің мәліметінше, көлік соғып өткен кезде жасөспірімдер жолдың шетімен жүріп келе жатқан. БҚО полиция департаменті оқиғаның 4 желтоқсан күні кешкі сағат 19.00 шамасында Деркөл кентіндегі «Нұр» дүкені жанында болғанын растады.
«Көлік жүргізушісі дереу оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда көліктің ішінде қалған әйел рөлде өзі болғанын айтты. Ал куәгерлердің сөзінше, Toyota Prado көлігінің рөлінде ер адам отырған. Қазір ол іздестіріліп жатыр», - деді полициия өкілдері.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 16 жастағы екі жасөспірімнің де ауыр халде облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілгенін мәлімдеді.
«Жол апаты салдарынан 2005 жылғы екі бозбала зардап шекті. Екеуі де жабық бас-ми жарақатын алып, милары шайқалған. Жасөспірімдер облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды. Жағдайлары ауыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.