Таразда үй алып беремін деп алдап тұрғындардың 50 млн теңгесін жымқырған алаяқ ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ұсталған күдікті өз кінәсін толық мойындады

Фото ашық дереккөзден

Таразда алаяқтық жолмен тұрғындардан жалпы сомасы 50 миллион теңге жымқырған 46 жастағы азаматша қолға түсті. Бұл туралы Тараз қалалық Полиция басқармасы хабарлайды.

Жергілікті тәртіп сақшылары тексеру барысында күдіктінің 11 қылмыс жасағанын анықтады.

Өзін әкімдік қызметкері ретінде таныстырып, пәтер алып беруге қол ұшын созамын деп сенімге кірген әйел соңғы рет маусым айында 57 жастағы азаматтың 2 миллионға жуық қаражатын қолды қылған.

Полицияның мәліметінше, ұсталған күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

«Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын айыру жазасы көзделген», – деді Полиция басқармасының бастығы Асылхан Зауырбеков.