Екі күдікті қазіргі таңда басқарманың уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды
Түрмеден енді шыққан қызылордалық азамат сыбайласымен бірге бөтен адамның көлігін ұрлап, өртеп жіберген, деп хабарлайды Polisia.kz.
21 қарашада Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданды.
Белгілі болғандай, кешкі уақытта қала орталығындағы көшелердің бірінде тұрғынды ұрып-соғып, оның Opel Vectra маркалы автокөлігін белгісіз адамдар ұрлап кеткен. Келтірілген материалдық шығын 1 500 000 теңгені құрады.
Дер кезінде барлық патрульдік қызметтерге ұрланған автокөлік бойынша бағыт-бағдар жіберілді. Көп ұзамай Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері кезекші тәулікте екі күдіктіні ұстады.
Екі ер адам ұрланған көлікті өртеп жіберген. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Сондай-ақ, күдіктілердің бірі ұйымдасқан қылмыстық топтың белсендісі екендігі белгілі болды. Ол бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бірнеше қылмысы үшін сотты болған. Атап айтсақ, 2015 жылы ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) 6 жылға сотты болған.
Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 200-бабының 2-бөлігінің 1,3-тармақтарымен (Топ болып, денсаулыққа қауіпті емес күш қолданып, автомобильді айдап кету) және 202-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен (Бөтеннің мүлкін өрт қою арқылы қасақана жою) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Екі күдікті қазіргі таңда басқарманың уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.