Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Түркістан облысында өз әкесінің малын ұрлап, өзгеге сатып жіберген ер азамат анықталды. Түркістан облысының полицейлері «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында өз әкесінің малдарын жымқырған ер азаматты анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Нақтырақ айтқанда Ордабасы ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғындардың бірі малын белгісіз біреудің ұрлап кеткені жөнінде арызданған. Яғни, жәбірленуші азаматтың 2 бас қошқары мен 1 бас бұзауын жасырын жымқырып, жалпы 180 000 теңге шығын келтірген. Аталған дерек ҚК 188-1-бабы «Мал ұрлығы» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді.
Ордабасылық сақшылар хабар алысымен орын алған оқиғаны ашуға бірден кірісті.
«Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, көрген-білген куәлерден жауап алынды. Сонымен қатар малдың жайылып жүруі мүмкін деген аймақтың бәрін мұқият тексерді. Тау мен тасты кезіп, малды іздеуге жеке құрам қызметкерлері жұмылдырылды. Осылайша полиция қызметкерлерінің тиянақты қызметтерінің арқасында жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген ПД хабарламасында.
Белгілі болғандай күдікті ер азамат жәбірленушінің баласы болып шықты. Яғни жас жігіт күндізгі сағат 15:00 шамасында үйінің ауласындағы жүрген малды ұрлап алып шығып, өзінің пайдасы үшін мал базарлардың бірінде сатып жіберген. Ал түскен ақшаны қажеттілігіне жаратқан.