Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды
Нұр-Сұлтан қаласында қалта ұрысы ұсталды. Ол бұған дейін де бірнеше қылмыс жасап, әрдайым қоғамдық көлікте жолаушыларды тонап келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордалық полицейлерге қала тұрғындарынан қалта ұрыларына қатысты бірнеше арыз түскен. Барлық жағдайда қылмыс қоғамдық көлікте немесе аялдамада жасалған. Ұры адам көп жиналған жерде тұрып, олардың телефоны мен әмиянын ұрлап отырған.
«Бірнеше өтініштен кейін жедел іздестіру қызметкерлері бірден қоғамдық көліктер мен аялдамаларды бақылай бастады. Сөйтіп 30 жастағы күдіктіні ұстады. Оның бұрын ұрлық үшін бірнеше рет сотталғаны да анықталды. Полицейлер әзірге күдікті 5 қалта ұрлығына қатысы бар екенін дәледеді. Енді оның елорда аумағында ашылмаған басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғына тексеру жүріп жатыр», - делінген ПД хабарламасында.
Қазіргі кезде барлық дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.