Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті хабарлады
Қылмыстық схеманы Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, департамент қызметкерлері Ақтау халықаралық әуежайында жанар-жағармай қызметінің жүргізушісін заңсыз авиаотын сатпақ болған жерінен ұстаған.
«Тергеу барысында оның әуежайдағы жанар-жағармай қоймасының басшысымен бірге керосин ұрлауды ұйымдастырғаны анықталды. Кейін керосиннің литрін 120 теңгеден сатып отырған. Дилерлер жанармайды мотор майына араластырып, үшінші тұлғаларға литрін 150-160 теңгеге сатқан», - делінген хабарламада.
Әуе айлағы қызметкерлері барлығы 63 мың литр жанармай ұрлаған. Олар үш жылға дейін шартты түрле бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.