Үйі өртеніп, 3 баласымен далада қалған дәрігер көмек сұрайды

Автор: Azattyq Rýhy

Үйді қайта қалпына келтіру үшін шамамен 15 млн теңге қажет

Almaty.tv

Түрксіб ауданында жеке сектордағы екі қабатты тұрғын үй отқа оранды. Оқыс жағдай өткен жексенбіде таңғы сағат 11.00 шамасында болған. Виктор есімді үй иесінің 3 баласы бар. Абырой болғанда, бәрі дін аман, деп хабарлайды Алматы арнасы.

Өрт сөндірушілер уақытында келгенімен, көпке дейін қызыл жалынды ауыздықтай алмапты. Жылдар бойы жиған-тергенінен қапыда айырылып қалған отбасы көпшіліктен көмек сұрайды.

Виктор Чжен бір күнде үй-жайсыз қалғанына әлі сене алар емес. Өрт үйдің ас бөлмесінен басталған. Кейіннен қызыл жалын үдей түсіп, екінші қабатты да шарпыған.

3 баланың әкесі қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында физиотерапевт дәрігер болып жұмыс істейді. Елде карантин өршіп тұрған кезде қауіпті дертпен күресте алдыңғы шепте жүрген білікті маман бірнеше ай бойы қауіпті аймақта қызмет етіп, науқастардың ауруына дауа таба білген.                   

«Қазір туған бауырымның үйінде тұрып жатырмын. Өрттен келген шығынды өзім есептегенмін. Үйді қайта қалпына келтіру үшін шамамен 15 млн теңге қажет болады. 3 баласы бар, қарапайым дәрігер үшін бұл өте қомақты ақша», – дейді Түрксіб ауданының тұрғыны Виктор Чжен. 

Болған жайттан Түрксіб ауданың әкімдігі хабардар. Сала мамандарының айтуынша, қазір қажетті құжаттар қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасына жолданған. Болған жағдайдың себебін анықтау үшін сараптама жұмыстары басталған. Нәтижесі белгілі болғаннан кейін, шығын көлемі есептелетінін айтты.  

«Зардап шеккен тұрғыннан арыз келіп түсті. Қазір біздің тарапымыздан үйдегі қоқыстарды тазарту мақсатында арнайы көлік құралдарын бөлу қарастырылып жатыр. Сараптама нәтижесі белгілі болғаннан кейін қолданыстағы ережеге сәйкес, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай көмек берілетін болады», – деді Түрксіб ауданы Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Әнуар Мұсаев.  

Жағдайды естіген аудан тұрғындары, отбасының жақын-туыстары және әріптестері барынша көмек қолын созуда. Азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттарды әкеліп жатыр. Айта кеткен жөн, айтып келмейтін апаттан зардап шеккен үй иесі көпшіліктен көмек сұрайды.