Көпбалалы аналар Денсаулық сақтау министрлігіне барып шу шығарды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар балаларға екпе салуға қарсылық білдірген

Фото ашық дереккөзден

ABZHAN NEWS Telegram каналындағы видеоға қарағанда, көпбалалы аналар Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатнама бюросына барып, министр Алексей Цойдың отставкаға кетуін талап етті. Оқиға орнына тәртіп сақшылары келді.

Аталған оқиғаға байланысты пікір білдірген Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі әйелдердің балаларға екпе салуға және жалпы вакциналауға қарсылық білдіріп жатқанын мәлімдеді.

"Біз жасөспірімдерге вакцина салып жатырмыз. Профилактикалық екпеге ата-аналардың ерікті, жазбаша және ақпараттық келісімін аламыз", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.   

Әйелдерге барлық мәселені түсіндіру үшін министрлік өкілдері – Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы филиалының директоры Айнагүл Қуатбаева мен орталықтың сарапшысы шықты, дегенмен шу көтерген әйелдер ешкімнің сөзіне құлақ аспады.