Өскеменде суицид жасамақ болып өз денесін пышақпен тілгілеп тастаған азамат қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды

Фото ашық дереккөзден

Өскемен қаласында полиция қызметкерлері көшеде денесі қан-жоса болып жалаңаш жүрген ер адамды ұстады. Бұл туралы ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Айта кетейік, Өскеменде үсті-басы қан болып, кеудесі жалаңаш жүрген ер адамның видеосы әлеуметтік желілерде тараған болатын.

Департамент мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары оны Михаэлис көшесінде тауып, ұстады.

«Анықталғандай, 37 жастағы азамат пәтерінің подъезінде суицид жасамақ болып, өз-өзіне дене жарақаттарын келтірген. Қазіргі уақытта Үлбі полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Іс бойынша тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды», - делінген ақпаратта.

 Ведомство өкілдері ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпараттар жария етілмейтіндігін мәлім етті.