Қарағанды облысында жол апатынан бір адам қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір тергеу амалдары жүргізілуде

Фото ашық дереккөзден

Қарағанды қаласының маңында жеңіл көлік автобусқа соғысып, бір адам қайтыс болды. Бұл туралы Қарағанды облыстық Полиция департаменті хабарлады. 

Қарағанды – Сарань – Шахтинск тасжолында «Ниссан Санни» автокөлігінің 33 жастағы жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, ішінде 5 жолаушысы бар «Паз» маркалы автобусқа соқтығысқан. Соның салдарынан «Ниссанның» жүргізушісі оқиға орнында тіл тартпай кетті. Оның мүрдесін құтқарушылардың көмегімен алып шыққан.  

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Ниссан» автокөлігінің жүргізушісі алған дене жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Автобус жолаушылары ешқандай жарақат алған жоқ. Аталған факт полицияда тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде», – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.