Шығыс Қазақстанда өрт шыққан пәтерден ер адамның мәйіті табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Өртке мас күйде темекі шегу кезіндегі абайсыздық себеп болуы мүмкін

Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Глубокое ауданындағы тұрғын үйлердің біріндегі пәтерден өрт шықты. Өрт шыққан пәтерден ер адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Департамент жариялаған мәліметіне сүйенсек, Нагорная көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтер өртенген.

Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл жетіп, бірінші кезекте подъезден 3 адамды эвакуациялады. Содан кейін түтін тұмшалаған көрші пәтерден 14 жастағы қыз құтқарылған.

«Өрт шыққан пәтерден 1972 жылғы ер адамның мәйіті табылды. Көп ұзамай 2 шаршы метрге жайылған жалын ауыздықталды. Өрттің шығуына мас күйде темекі шегу кезіндегі абайсыздық себеп болуы мүмкін», - делінген департамент таратқан хабарламада.