Атырауда төрт күн бұрын жоғалып кеткен 4 балықшы табылды
Бұған дейін Каспий теңізіне кеткен балықшыларды тікұшақпен іздеу жұмыстары нәтиже бермеген болатын
Атырауда төрт күн бұрын Каспий теңізіне балық аулауға шығып кетіп, қайтып оралмаған 4 балықшы аман-есен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, екі серіктестіктің балықшылары 3 қараша күні балық аулайтын металл кемемен теңізге шығып, қайтып оралмаған.
«6 қараша күні таңғы сағат 9:58-де «Қазавиақұтқару» тікұшағымен Каспий теңізі жағалауында Атырау – Исатай – Құрманғазы бағыты бойынша (жалпы ауданы 270 шақырым) әуе барлауы жүргізілді», - делінген хабарламада.
Алайда іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеген. Тек бүгін, 7 қараша күні таңертеңгі сағат 9.30 шамасында балықшылар өздерінің аман-есен екенін айтып (Жанбай ауылыныан 50 шақырым қашықтықта жүрген), басшыларына ұялы телефон арқылы хабарласқан.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ескертеді:
- балық аулауға шыққан кезде ең бірінші қайығыңыздың жағдайын тексеріңіз;
- құтқару кеудешесін алуды ұмытпаңыз;
- қайығыңызды шамадан тыс жүкпен толтырмаңыз;
- қайығыңыз абайсызда аударылған жағдайда қайықты ұстап тұрып, қайраңға жүзуге тырысыңыз;
- төтенше жағдай орын алса «112» нөміріне қоңырау шалыңыз.