Ол Гарвард университетінің грант иегері еді
Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің үздік түлегі Ақназар Қажымұрат белгісіз жағдайда қайтыс болды. Бүгін арнайы іздеу тобы Бостандық ауданынан жас жігіттің мәйітін тапты.
Ақназардың туған-туыстары әлеуметтік желі арқылы оған іздеу салған еді. Туыстарының айтуынша, ол 3 қарашадан бері хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Сол күні кешкі уақытта соңғы рет әжесімен сөйлескен. Одан кейін байланысқа шықпапты.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Ақназар Қажымұраттың жоғалғаны туралы хабар кеше, яғни 4 қараша күні түскен. Бірден арнайы іздеу тобы құрылып, іске кірісті.
Ал бүгін криминалдық полиция қызметкерлері НЗМ түлегінің денесін Бостандық ауданынан тапты. Полицейлердің дерегінше, денесінде зорлық-зомбылық іздері болмаған. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалып, Ақназар Қажымұраттың өліміне себеп болған жайттар анықталуда.
Айта кетейік, Ақназар Қажымұрат ACT және SAT Subject Tests халықаралық емтихандарынан сүрінбей өтіп, ең жоғары көрсеткішке жеткен. Соның арқасында Американың кез келген үздік жоғары оқу орнын таңдауға мүмкіндік алған. Ол Гарвард университетінің грант иегері еді.