Бұрын сотты болған тұлғалар сияқты олар да арнайы есепте тұрады
Солтүстік Қазақстанда соңғы 5 жылда 8 телефон террорисі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Күдіктінің қандай да бір нысанда жарылғыш заттың тұрғаны туралы жалған ақпарат таратқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл – ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлаудың» максималды санкциясы. Соңғы 5 жылда Солтүстік Қазақстан облысында жарылғыш заттың қойылғаны туралы «әзілі» үшін 8 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Салдарынан 3-4 жылға түрмеге қамалғандары да болды, тағы бірі ұзақ мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылды. Жазасын өтеген соң олардың әрқайсысы полицияның ерекше назарында болады.
Бұрын сотты болған тұлғалар сияқты олар да арнайы есепте тұрады. Учаскелік полиция инспекторлары оларды тұрғылықты жерлері бойынша тұрақты түрде тексеріп тұрады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көбіне ішімдік ішкен адам осындай әрекетке барып, жалған ақпарат тарату арқылы жүздеген, кейді тіпті мыңдаған адамды үрейлендіріп, дүрліктіреді. Мамандардың айтуынша жасырын нөмірден хабарласса да, күдіктіні табу аса қиын емес.
«Осындай әр факті бойынша қаншама полицияның күші мен құралдары, өкілдері жұмысқа тартылады. Өмірдің күнделікті қалпы бұзылады, адамдар мазасызданады. Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері халыққа ақпараттық жұмыс жүргізу шеңберінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабымен көзделген жауапкершілік шараларын еске салады. Ешқандай заңсыз әрекет жауапсыз қалмайды», - деді СҚО Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Руслан Жарасбаев.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО