Ерболат Шандин аудандық аурухананың жағдайын көрсетіп, видео түсірген
Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тұрғыны науқас баласын емдейтін дәрігер таппай, Денсаулық сақтау министріне шағым айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Ерболат Шандин аудандық аурухананың жағдайын көрсетіп, видео түсірген. Онда емдеу мекемесінде дәрігерлерді ұзақ іздегенін, ем алушыларға жағдай мүлдем жасалмағанын баяндайды.
«Баламызды әкелдік, міне, 1 сағат өтті. Педиатр-дәрігер келуден бас тартты, екінші дәрігерді жалынып жатып, әрең алдырттық. Баланың аяқ-қолы тартылып жатқан уақытта, педиатрдың оны қараудан бас тартқаны қалай? Аурухана мұндай болуы мүмкін бе?», - деп ашынады Байғанин ауданының тұрғыны Ерболат Шандин.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар тұрғынның шағымын негізсіз дейді. Басқарма басшысының орынбасары Айгүл Күштаеваның айтуынша, науқас балаға кезекші дәрігер тиісті медициналық көмек көрсеткен. Ата-анасының қалауымен бала Ақтөбедегі инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Қазір жедел респираторлы вирусты инфекция жұқтыру диагнозымен ем қабылдап жатыр.
Ал аудандық ауруханадағы жөндеу жоспарға сай жүргізілуде. Бөлімшелер кезегімен жөндеуге жабылғанымен, науқастарды қабылдау жалғасып жатыр деді Денсаулық сақтау басқармасының өкілі.
«Емдеу мекемесінде жөндеу жұмысы жүріп жатқан кезде аурухананың басқа жағынан кіретін есігі болуы керек. Ол кісінің қай жақтан келгенін білмеймін, видеода көрсеткендей, жөндеу жұмысы жүріп жатқан есіктен кірген болуы керек. Сондықтан осындай түсінбеушілік болған», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева.