Өмір бойына лауазымды қызметке орналасу құқығынан айырылды
Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдрахман Сақтағановқа қатысты сот үкімі шықты. Шенеунік жекеменшік емдеу мекемесінің директоры Айнагүл Қарабаевадан жұмысқа қабылданған жас мамандарға көтермеақы беру мәселесін шешу үшін 200 мың теңге алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Петропавл қалалық сотында бүгін пара алды деп күдіктелген облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы Қабдрахман Сақтағанов пен оған пара берді деп ұсталған «Денсаулық» жеке коммерциялық емес мекемесінің директоры Айнагүл Қарабаеваның ісі қаралып, соңғы нүктесі қойылды. Медицина қызметкерлері сыбайлас жемқорлықпен осыдан шамамен бір ай бұрын ұсталғанымен, істің мән-жайы бүгінге дейін белгісіз болып келді.
Параның мөлшері – 200 мың теңге. «Денсаулық» мекемесінің директоры бұл қаражатты басқарма басшысының кабинетіне апарып берген. Тергеу барысында қаражат оң шешім қабылдануы үшін ұсынылғаны анықталды. Қарабаева мекемесіне жаңадан келген үш жас маманға осылайша әлеуметтік төлем жасатпақ болған. Өйткені мәслихаттың шешімімен көтермеақы тек мемлекеттік мекемелерге орналасқан мамандарға ғана тиесілі.
«Мекеме директоры басқарма бұл мәселені шешуде қолдау көрсетуі үшін хат жазған. Кейін мәселе оң шешілуі үшін Сақтағановтың кабинетіне келіп, жұмыс папкаларының біріне 200 мың теңге салынған конвертті салған және оны өзінің заңға қайшы әрекет жасап жатқанын ескерткен. Сақтағанов конверттен 200 мың теңге көлеміндегі ақшаны алып, оны өз әмиянына салған, осылайша өз меншігіне айналдырды», - дейді СҚО прокуратура басқармасының прокуроры Асылбек Қоңыратов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басқарма басшысын сол күні үйіне келгесін ұстады. Пара алушы да, оны беруші де өз кінәларын мойындады.
Петропавл қалалық сотының судьясы Динара Байзақова Қабдырахман Сақтағановке 5 млн 807 мың теңге мөлшерінде айыппұл салды. Бұған дейін үйқамақта отырған экс-шенеунік ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен босатылды. Ал Айнагүл Қарабаеваға 4 млн теңге айыппұл салынды. Екеуі де өмір бойына лауазымды қызметке орналасу құқықтарынан айырылды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО