Тәртіп сақшылары заңсыз саудамен күресу үшін базар маңын аралаған
Шымкентте жол бойында жаңғақ сатып отырған зейнеткерге екі полицейдің дөрекілік көрсеткенін куәгерлер видеокамераға түсіріп, әлеуметтік желіде бөліскен. Видеоролик Instagram-дағы Dudoser парақшасында пайда болды. Автордың сөзінше, тәртіп сақшылары әжейге ауыр сөздер айтып, телефонын алып қойған. Салдарынан 75 жастағы кейуана күйзеліске түсіпті.
«Бүгін Шымкенттегі "Қырғы базарының" кіре беріс жерінде 3-4 килограмм жаңғақ сатып отырған әжеге екі полицей келіп, заңсыз сауда жасағанына айыппұл салмақшы болыпты. Әжеміз полицейлерден қорқып қалған болуы керек, ұлына хабарласпақшы болғанда телефонынын да алып қойған көрінеді», - дейді видео авторы.
Аталған ролик әлеуметтік желіде тарағаны сол екен, Полиция департаменті қос инспектордың үстінен қызметтік тексеруің басталғанын хабарлады. Тексеру аяқталғаннан кейін оларға қандай шара қолданылғаны қосымша хабарланады.